Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан халқының тілдері күні мерекесінің аясында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Ұлттық диктант» жобасының бастау алғанын хабарлайды.
Ұлттық диктант – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, азаматтардың жазу сауаттылығын жетілдіруге, ұлттық бірегейлік пен тілдік мәдениетті нығайтуға бағытталған жалпы республикалық мәдени-ағартушылық жоба.
Негізгі мақсаты – мемлекеттік тілде сауатты жазу дағдысын қалыптастыру және оны насихаттау. Бұл бастама сауатты жазудың тек білім өлшемі ғана емес, сонымен бірге азаматтық жауапкершілік және тілге деген құрметтің көрінісі екенін білдіреді.
Жалпыұлттық диктантты ұйымдастырушыларға арналған
ЖАДНАМА
Диктант басталғанға дейін:
1. Қатысушылар тізімін алдын ала нақтылаңыз.
• Қатысушыларға орын дайындаңыз.
2. Диктант жазуға қажетті құралдарды тексеріңіз:
• Қатысушыларда қалам, қарындаш, диктант парағы болуын қадағалаңыз;
3. Құрылғыларды және техниканы тексеріңіз:
• Дыбыс колонкасы, микрофон, диктант мәтіні дайын болсын;
• Компьютер, проектор немесе LED экран қосулы және жұмыс күйінде болсын.
4. Қатысушыларға ережелерді ескертіңіз:
• Қате сөздерді сызуға болатынын, бірақ үстінен жазуға болмайтынын;
• Тыныштық сақтау қажеттігін түсіндіріңіз.
Диктант басталар сәтте:
• Қатысушыларға диктант барысын қысқаша түсіндіріңіз:
1. Мәтін толық 3 рет оқылады: бірінші рет тыңдайды, екінші рет жазады, үшінші рет тексереді.
Диктант соңында:
• Қатысушылардан жазбаларын тексеріп, толық аяқтағанына көз жеткізіңіз.
• Ұлттық диктанттың толық мәтінін LED экранға шығарыңыз.
• Қатысушыларға LED экрандағы мәтінге сәйкес тексеруге болатынын ескертіңіз.
Ескерту
• Қатысушылардың құпиялылығы мен деректерінің жария етілмейтінін айтыңыз.
• Қажет болған жағдайда сертификаттар мен марапаттарды ұйымдастыруға дайын болыңыз.
Сіз атқаратын рөл – тіл мәдениетін дамыту жолындағы үлкен үлес!
ОҚУ ЖАЙЫ
(Ана тілі ретінде меңгергендер үшін)
Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын, кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екенін көріп тұрмыз. Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші.
Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, əлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, біз де өз алдымызға бір жұрт екендігімізді білдірер едік.
Осы замандағы жан таңырқарлық нәрсенің бәрі ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым. Осыларды істеп отырған жұрттың бәрі де сондай болмаған. Бұлар да басында біздей, бізден де өнерсіз болған. Халық жүре, оқи, талаптана келе осыншаға жеткен.
Ахмет Байтұрсынұлы. «Қазақ» газеті. 1913 жыл.
(123 сөз)
ОТАН
(Екінші тіл ретінде меңгергендер үшін)
Отан – әр адамның жүрегіне жылы тиер қасиетті сөз. Отан – сенің туған жерің, өзіңнің туған-туысқаның, дос-жарандарың тұратын елің.
Біздің Отанымыз – Қазақстан. Оның жаңа астанасы – Астана қаласы.
Қазақстан – ірі мемлекеттердің бірі. Елімізде көптеген ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақстандықтар өз Отанын сүйеді, мақтан етеді.
Біздің еліміз – жерінің кеңдігімен қатар, табиғи байлығы да мол мемлекет. Жайқалған егіні, таусылмас кен байлығы, адал еңбегімен елінің даңқын, дәулетін арттырған аяулы азаматтары көп. Біз Отанымызды мақтан етеміз.
Бүгінгі Қазақстан – дүние жүзіндегі көптеген мемлекеттер таныған ел. Оның өз елтаңбасы, туы, әнұраны бар. Еліміз өз егемендігін, тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды.
Алматы, «Кітап баспасы»
98 сөз
ДИКТАНТ ПАРАҒЫ
Мекеме (кәсіпорын) атауы (департамент / басқарма / бөлім/ сектор/ лауазымы): ______________________________________________________________________
Жасы: _______
Жынысы: ☐ Ер ☐ Әйел
Санаты: ☐ Басшы ☐ Орынбасар ☐ Қызметкер ☐ Басқа:
_________________________________________________________________________
_________________________________________________________________________
_________________________________________________________________________
_________________________________________________________________________
_________________________________________________________________________
_________________________________________________________________________
_________________________________________________________________________
_________________________________________________________________________
_________________________________________________________________________
_________________________________________________________________________